Депутат журналиске күш қолданған полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруін сұрады
АСТАНА. Қазанның 24-і. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовке жолдаған сауалында журналиске қоқан-лоққы көрсеткен полиция қызметкерін тәртіпке шақыруын талап еткен,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Депутаттың сауал жолдауына Қызылорда қаласында орын алған өрескел оқиға себеп болған. Жәбірленуші - республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Миуа Байназар мәдени шараға қатыспақ болып, екі сәбиін жетелеп театрға келгенде, оны кіре берісте полиция қызметкерлері қарсы алып, «Сіз массыз» деп ішке кіргізбейді.
«Ол ол ма, қызды-қыздымен соқталдай-соқталдай жігіттер дүйім жұрттың алдында тілшінің қолын бұрап, сәбилердің шырылдап жылағанына қарамастан көкпар тартқандай қылады. Бұл - барып тұрған сорақылық. «Ет сасыса тұз себем, тұз сасыса - не себемнің кері». Полицейлер газетке сын жазды деп өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарып жүрген журналистердің көзін шығарып, басын жара берсе не болады?
Журналиске өшігу, оған күш қолдану - бұл, сайып келгенде, Қазақстан Республикасы Конституциясының Заң алдында жұрттың бәрі тең, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатігездік, жәбір көрсетуге болмайды деген баптарын белден басу болып табылады. Құрметті Серік Нұртайұлы, осы айтылғандарды негізге ала отырып, істің анық-қанығына жетуіңізді және журналиске күш қолданған полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруіңізді сұраймын», деген өз сауалында депутат Жарасбай Сүлейменов.
Парламент Мәжілісінің Аппараты осы сауалды Ішкі істер министріне жолдады. Заң бойынша бір ай мерзім ішінде министр депутатқа жауап беруі қажет.