Депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау туралы заң жобасын әзірлейді – Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат төрағасы әлеуметтік кәсіпкерлік шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік проблемаларды шешу, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау үшін маңызды сала екендігін еске салды. Алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға шынайы қолдау көрсетуді жоспарлап отырғандығына назар аудартты.

«Мемлекет басшысы бұл мәселеге айрықша назар аударады. ҚР Президенті нақты тапсырма да берген. Сондықтан алдағы кезеңде мемлекеттік органдар тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетілуі тиіс. Ерекше қажеттілігі бар адамдар мен әлеуметтік әлсіз топтар кәсіпкерлікпен айналысып, жұмысқа орналасу мәселелерін шешу үшін олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге айрықша назар аударған жөн. Толықтай алғанда, бұл бағыттағы негізгі қадамдардың бірі - әлеуметтік кәсіпкерлік қызметін реттейтін және мемлекет тарапынан қолдаудың тиімді тетіктерін айқындайтын заң қабылдау», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы қазіргі уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік көптеген елде кеңінен таралғанын атап өтті. АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Германиядағы әлеуметтік кәсіпорындар елдің жалпы ішкі өнімін 3-тен 5 пайызға дейін қалыптастырады.

«Біз бірлесіп заң жобасын әзірлеуіміз қажет. Бүгінгі отырысты үлкен жұмыстың басы ретінде қабылдаймыз. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі мақсаттарының бірі - ерекше қажеттілігі бар адамдарды ортаға бейімдеу және олардың әлеуметтік, экономикалық белсенділігін арттыру. Бүгінде елімізде әлеуметтік жобаларды сәтті жүзеге асыратын кәсіпкерлер бар және заң жобасын әзірлеу барысында олардың пікірлері мен ұсыныстары міндетті түрде ескерілуі тиіс», - деді Сенат спикері.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпорындар қарым-қатынасын реттеу саласындағы заңнамалық база, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдар мен әлеуметтік бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың қажетті деңгейі жоқ.

Мәулен Әшімбаев Сенат жанынан әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі заң жобасын әзірлеумен айналысатын жұмыс тобының құрылатындығын мәлімдеді. Жұмыс Мәжіліспен бірге жүргізілетін болады.

Кездесу барысында әлеуметтік кәсіпкерлік саласының өкілдері бірқатар нақты ұсыныстар енгізіп, саланы одан ары дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.

Шараға Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты.


Соңғы жаңалықтар