15:07, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Депутаттар әскери қызметшілердің жауапкершіліктеріне қатысты заң жобасын қолдады
АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында аталмыш құжатқа байланысты сөз қозғаған депутат Сәт Тоқпақбаев: «баршаңызға аян, кезінде Кеңес одағының әскерінде «айыптылар батальоны» деген арнайы жасақ болған. Біз қазір осы түсінікті алып тастау қажет деп отырмыз. Бұл заман талабы. Ал тәртіп бұзғандар еліміздің арнайы заңдары негізінде жауап береді», - деді. Қорғаныс вице-министрі Болат Жанасаевтың айтуынша, мұндай әскери бөлімді ұстау мемлекетке айтарлықтай шығын келтіреді. «Мысалы, осы бөлімді ұстап тұру үшін жылына 100 миллионнан астам теңге қажет. Сонымен қатар тұтқындау түріндегі әкімшілік жаза әскери құрамның әкімшілік құқық бұзушылық жазасына алмастырылады», - деді вице-министр.Депутаттар аталмыш құжатты қолдайтындықтарын білдірді.