Депутаттар «Астана-Щучье» ақылы автомобиль жолының жұмысымен танысты

АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев бастаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары ақылы көлік жолының жұмысындағы ерекшеліктермен танысу мақсатында «Астана-Щучье» ақылы автомобиль жолында болды.
None
None

Күре жолды жаңғырту жұмыстары 2006 жылы басталып, 2009 жылы аяқталғаны белгілі. Қауіпсіздікті арттыру жөнінде қабылданған шаралардың нәтижесінде, атап айтқанда, жол жиегіне кедергілер қойылғаннан кейін жол техникалық 1 сипаттағы 6 жолақты қозғалыстағы жолға ауыстырылып, апат көп болатын жол қауіпсіз жолдардың біріне айналды. Статистика мәліметтері бойынша, жолдағы адам өміріне қатерлі көлік оқиғалары 8 есеге төмендеді.

Мұндай жолдарды ұстап тұрудың шығындары да жоғары болып отыр. Мәселен, ұзындығы 210 шақырым болатын «Астана-Щучье» күре жолының бойындағы қоқысты, қарды тазалау, жарық беру, жасыл желекке бөлеу мен ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары жыл сайын 1,3 миллиард теңгені қажет етеді.

Бұл жағдайды ескере отырып, жолда жүруден түсетін кіріс күре жолды ұстап тұруға жететіндей болу үшін ең төменгі бағаны белгілеу және жолды ақылы етуге шешім қабылданған болатын.

Депутаттар автомобильдер жүрісі үшін төлем төлеу барысымен, операторлар мен төлем алу жүйесінің жабдықтарының жұмыстарымен танысты.

Депутаттарға берілген ақпарат бойынша, Астанадан Бурабайға дейін (210 шақырым) жеңіл көлік жүргізушісі 200 теңге төлейтін болады. Сөйтіп, 1 шақырымның орташа құны = 1 теңге болып отыр. Салыстыра қарайтын болсақ, көршілес Ресей елінде жоғары жылдамдықта жүретін күре жолда жүру ақысы 5 есе қымбат, Испанияда 1 шақырым - 18 теңге, Францияда -15, Польшада - 7,5 теңге тұрады.

Жүруге төлем алу жүйесі мен төлем қабылдау терминалдарының жұмыстарын таныстыра келіп, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқармасының төрағасы Ерік Сұлтанов ««Астана-Щучье» ақылы жолында жергілікті көліктердің жүру жөніндегі төлемге жеңілдіктер енгізілді», деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» автомобиль жолының «Астана-Щучье» бөлігін ақылы негізде пайдалану туралы» қаулысына биылғы 1 қазанда тиісті толықтырулар енгізілді.

Жергілікті көліктер үшін жеңілдіктер ретінде Ақмола облысындағы 5 (Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Еңбекшілдер және Бурабай) ауданда тіркелген көлік құралдарына жүру үшін абоненттік ақы енгізіліп отыр. Абоненттік ақының жылдық мөлшері 1000 теңгені құрайды.

Депутаттарға айтылғандай, Қазақстандағы жол жүру құны ең төменгі деңгейде белгіленген. Бұл мөлшерлемені есептеу барысында күре жолдың құрылысына кеткен қаржы емес, тек оны жыл сайынғы ұстап тұру және оны жөндеу шығындары ғана ескерілген.

«Автомобилшілерге қатысты алғанда, оларға барлық жағдай жасалған. Тіпті, егер де техника тоқтап қалған жағдайда осындағы инженерлік қызмет жедел түрде оны жоя алады», - деді М.Бортник журналистердің сауалына орай.

Ақылы автомобиль жолын пайдалана бастаған 1 шілдеден бері түскен қаржы бүгінгі күні 334 миллион теңгені құрап отыр, сонымен бірге жыл басынан бері жолдың беткі қабатын жөндеу, қар тазалау, жол белгілерін, жол жиегіндегі кедергілерді қою және ауыстыру, телекоммуникация және жарық беру қызметі, патрульдеу, арамшөптерді ору және маңайдағы аумақтардағы қоқыстарды жинау, сондай-ақ демалыс алаңдарын жөндеу және ұстап тұруды қоса алғанда ағымдағы жөндеу жұмыстары мен жолды ұстап тұруға 895,6 миллион теңге жұмсалды.

«Астана-Щучье» автомобиль жолын қыста пайдалануға әзірлік жұмыстары аясында қараша айының соңына дейін 10,1 шақырымға темірбетон қоршаулар орнату жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде оның 48 пайызы орнатылды. Сондай-ақ қар басып қалатын аумақтарда қардан қорғау қалқандары жасалып, жолды пайдалану бөліктері қосымша арнайы техникалармен жабдықталатын болады.

Күре жолдың «Астана-Щучье» бөлігінің ақылы болуына байланысты жол қабатының жоғары сапасы ескерілді және жүк көліктері белағашына түсетін ауыртпалық 11,5 тоннаға дейін рұқсат етілетін болды, ол жүк тасымалдаушыларға қандай болса да қосымша ақы немесе айыппұл төлемеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда жолдың «Астана-Щучье» бөлігінде көлік құралдарының жиілігі тәулігіне 5 500-ден 7 000-ға дейін жеңіл, жүк көліктері және автобустарды құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар