Депутаттар әуе билеттерінің қайтарылмауына қатысты мәселе көтерді

«Авиакомпанияларға қатысты аса өзекті мәселе бар - бұл алдын ала сатылып алынған билеттерге қатысты қаражатты қайтармау. Адамдар бір ай, екі ай бұрын арзанырақ бағаға ұшаққа билет сатып алады, алайда қандай да бір жеке немесе қызметтік жағдайларына байланысты билеттен бас тартуға тура келеді. Алайда, ол ақша қайтарылмайды. Яғни, мұнда авиакомпаниялар халықтың қаражатын тәркілеп жатқандай. Мен бұны дұрыс деп санамаймын», - деді депутат Сапар Ахметов.
Оның айтуынша, алдын ала билет сатып алып, авиакомпаниялар жұмысын алдын ала кредиттеуге көмектесетін халық ақшасын қайтарып алуға да құқылы болуы керек. «Адамдар билеттен жайдан жай бас тартпайды ғой. Біз сол азаматтардың басына түскен жағдайды түсініп, билеттерін қайтарып беруге тиіспіз», - деді С. Ахметов.
Ал Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтың айтуынша, билеттердің қайтарылмауы - бұл авиакомпаниялардың өздерінің ішкі шешімі. «Жеңілдікпен немесе ең төменгі тарифпен билет сатып алғандар үшін негізінен 20-30 пайыздық айыппұл санкциялары қарастырылған болуы керек. Орташа тарифтер, шекті тарифтер деген болады. Осы тарифтермен билет сатып алғандар оны қайтарғанда айыппұл санкциялары алынбайтын болуы керек. Дегенмен, заң жобасында бұл мәселе қарастырылмаған», - деді журналистерге осы мәселені түсіндірген комитет төрағасы Бекен Сейдахметов.