Депутаттар азық-түліктің тұрақтандыру қорын заң арқылы қалыптастырмақ

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат -  Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Депутаттар азық-түліктің тұрақтандыру қорын заң арқылы қалыптастырмақ

Аталған заң жобасына Парламенттің бір топ депутаты бастамашылық жасаған. Құжаттың мақсаты азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану үшін заңнамалық база құру болып табылады. Бұл ретте Тұрақтандыру қоры маусымаралық кезеңде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің агроөнеркәсіптік нарығына реттеушілік ықпал жасайтын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын, сондай-ақ астықты қоспағанда, азық-түлік тауарларының жедел қорын білдіреді. Бұл қор сақталу мерзімі 6 айдан асатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі бойынша қалыптасатын болады.

Сонымен бірге, заң жобасымен өсімдіктерді қорғаудың инновациялық әдістерін енгізуді көздейтін нормалар енгізілді. Осыған орай, республикамызда қолданылатын отандық өндіріс гербицидтерінің ассортименті өте аз екендігін ескере отырып, депутаттар шығатын еліне қарамастан гербицидтердің барлық түрлерін субсидиялауды ұсынады.

Заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылды.