Депутаттар БАҚ жұмысын тоқтату туралы мәселені соттың қарауына беруді ұсынып отыр

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы болып өтті,

Депутаттар БАҚ жұмысын тоқтату туралы мәселені соттың қарауына беруді ұсынып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасын Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Ол бойынша ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылады. Сонымен бірге жобаға сәйкес «Ақпараттандыру туралы» заңдағы «web-сайт», «интернет ресурс» секілді сөздерге нақты түсініктемелер қамтылады. Сондай-ақ заң жобасындағы бірқатар нормалар отандық және шетелдік интернет-ресурстар бойынша таратылатын ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз етуге де бағытталады. Жұмыс тобының отырысында депутаттар «БАҚ туралы» заңға енгізілетін өзгерістерге қатысты біршама өзгертілген норманы ұсынған болатын. «Заң жобасындағы бұқаралық ақпарат құралдарын тоқтату немесе БАҚ өнімін таратуды тоқтату тек меншік иесінің немесе соттың шешімімен ғана жүзеге асуы тиіс. Қазақстан Конституциясына сәйкес Ата Заң негізіндегі, басқа да заңдық актілерге қатысты кез келген дау-жанжалдарға тек сот билігі үкім жүргізеді. Яғни БАҚ өнімдерін таратуды тоқтату туралы әділ шешімге сот кепіл бола алады», дейді депутаттар. Естеріңізге сала кетейік, бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасында ұлттық заңнамаға қайшы келетін ақпарат анықталған жағдайларда, сотқа міндетті түрде талапты енгізумен осы ақпаратты жариялауды тоқтата тұру туралы шешім прокуратура органдарымен қабылданатын болған. Яғни сот шешімі шыққанға дейін-ақ прокуратура органдарының заңға қайшы деген желеумен БАҚ жұмысын тоқтатуға мүмкіндігі қарастырылған еді. Енді жұмыс тобының отырысында бұл құқық прокуратурадан алынып, соттың қарауына беріліп отыр. Аталған нормаға депутат М. Пішембаев, Қ. Жақыпов, Қ. Сәдуақасовтар бастамашылық жасаған болатын. Жобаны әзірлеуші Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің өз ұстанымдарында қалатынына қарамастан, жұмыс тобының мүшелері осы норманы толық қолдады. Енді заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылады.