Депутаттар балалар денсаулығына зиянды тағамдар мен энергетиктер бойынша заң жобасын әзірледі
АСТАНА. KAZINFORM — Зиянды тамақтың кесірінен ауруға шалдыққан балалар саны артты. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.
- Мемлекет басшысы тамыз конференциясында фастфудтың агрессивті жарнамасына ерекше назар аударды. Зиянды тамақтың кесірінен ауруға шалдығып, дәрігер бақылауында жүрген балалар саны өсіп келеді. Жасөспірімдер арасында энергетикті жиі ішетіндердің үлесі де бізді алаңдатады, - деді А.Аймағамбетов.
Осы орайда ол елде энергетиктерді 21 жасқа дейінгі жастарға сатуға тыйым салынғанын және тиісті айыппұл да енгізілгенін еске салды.
- Бірақ мәселе әлі толық шешілген жоқ. Оны өздеріңіз жақсы көріп отырсыздар. Сондықтан депутаттар балалар денсаулығына зиянды тағамдар мен энергетиктер бойынша тағы да бір заң жобасын дайындады, - деді депутат.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі балаларға арналған фастфуд жарнамасын шектеуді ұсынғанын жазған еді.