Депутаттар бірқатар лауазым иелеріне 488 сауал жолдады

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Парламенттің төртінші шақырылымының төртінші сессиясының басынан бері, яғни, 2010 жылғы 1 қыркүйек - 2011 жылғы 15 сәуір аралығындағы кезеңде Мәжіліс депутаттары бірқатар лауазым иелеріне 488 сауал жолдап, 26 өтініш жасады.
None
None

Көтерілген мәселелердің басым бөлігі ІҮ сайланған ІҮ сессияның ашылуында Мемлекет басшысы депутаттардың алдына қойған және Қазақстан Президентінің жыл сайынғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді шешумен байланысты болып отыр.

500-ге жуық сауалдың ішінде 313-і ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мырзаның атына жолданған. Салалық министрлерге 104, еліміздің Бас прокурорына 30 депутаттық сауал жіберілген екен. Өзге де агенттік пен мемлекеттік органдарға сауалдар мен өтініштер жолданған.

Депутаттардың сауалындағы өзекті мәселелер бұрынғысынша экономиканы тұрақтандыру және ғаламдық қаржы дағдарысының зардабын еңсеру болып табылады.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына сәйкес бірқатар депутаттар өз сауалдарында өңірлерде денсаулық сақтау және білім объектілерінің құрылысына, оның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламалары және «Балапан» бағдарламасы шеңберінде қаржы бөлу мәселелерін көтереді. Оның сыртында, медициналық жабдықтарды сатып алу үшін және медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға, балабақшалар мен орта білім беретін мектептерді іске қосуға қаржы бөлу жөнінде мәселелер қойылды.

Сонымен қатар, депутаттар өз сауалдарында мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде зейнеткерлікке шығуына байланысты олардың мемлекеттік қызметті тоқтатуы кезінде әлеуметтік кепілдіктер белгілеуді сұрайды.

Депутаттар өз сауалдарында баланың құқығын, атап айтқанда тегін медициналық көмек алуын, тұрғын үйдің баланың қамқоршысы есебінен сақталуын, жетім балалардың муниципалдық тұрғын үй алуын қамтамасыз ету жөнінде, сондай-ақ балалар тәрбиесін өз дәрежесінде жүзеге асырмайтын ата-аналар мен қамқоршыларды жауаптылыққа тарту мәселелерін көтерді.

Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарының ауылдық жерлерін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне бірқатар депутаттар алаңдаушылық білдіреді.

«Жол картасы» бағдарламасының орындалуы және осыған байланысты бөлінген қаржының атқарылған жұмыстардың сапасына, түрлі объектілердегі жұмысшыларға еңбекақы төленуі мен зейнетақы төлемдерінің жүзеге асырылуына сәйкес келуін тексеру мәселелері жекелеген депутаттарды алаңдатып отыр.

Депутаттық сауалдарда қоғамдық, саяси-әлеуметтік маңызы бар басқа да мәселелер қамтылған.

Соңғы жаңалықтар