Депутаттар биыл «Арқалық - Державинск» жолын жөндеуге ақша бөлуді сұрады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының фракциясы мен ҚХА атынан сайланған Мәжіліс депутаттары 2018 жылы Арқалық - Державинск бағытындағы республикалық маңызы бар жолды жөндеуге ақша бөлуді сұрады. Олардың айтуынша, аталмыш аралықтағы жолдың жөнделмеуі Арқалықтағы халыққа аса жайсыз тиіп тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Парламент Мәжілісінің отырысында мәжілісмен Шаймардан Нұрымов бір топ депутаттың атынан ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәминге депутаттық сауал жолдады.
«Парламент Мәжілісі депутаттарының Арқалықтағы сайлаушылармен, бизнесмендермен кездесуі барысында «Арқалық - Державинск» бағытындағы республикалық маңызы бар жолдың күрделі жағдайы бірнеше мәрте көтерілді. Ол жол жылдар бойы жөнделмеген. Осының салдарынан бұл жолмен жүру жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай тұр. Сонымен бірге, көліктер аталған аралықта көп бұзылып жатыр. Көліктік компаниялар осы аралықта жүк тасымалын жүзеге асыру өтінімінен бас тартады. Яғни, Арқалыққа жүк алып кіргісі келмейді. Бұл жағдай Торғай аймағының бизнесін көліктік блокадада қалдыруы мүмкін», - дейді мәжілісмен.
Оның айтуынша, Инвестициялар және даму министрлігіне, «ҚазАвтожолға» Қостанай облысының шекарасынан Державинскке дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізу туралы өтініш бірнеше рет жауапсыз қалған. Анда-санда жүргізілетін шұңқырларды жамау жұмыстары сапасыз жүргізілген.
«Республикалық және облыстық жолдарды жөндеу бағытында Қостанай облысында жол қабатын қалпына келтіру бойынша орташа жөндеу жұмыстарын «салқын ресайклинг» әдісімен жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. 1 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізудің орташа бағасы 149 миллион теңге тұрса, «салқын ресайклинг» әдісімен 1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу құны 29,6 миллион теңге тұрады. Бұл күрделі жөндеу жұмыстарынан 6 есеге арзан», - дейді ол.
Сондықтан Шаймардан Нұрымов өз сөзінде «салқын ресайклинг» әдісі жол қабатының сапасын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.
«Осыған байланысты 2018-2019 жылға арналған бюджеттен Арқалық - Державинск жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2018 жылы ақша бөлуді сұраймыз», - деп түйді мәжілісмен.