Депутаттар бизнес кедергілерін азайтуға бағытталған жүйемен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаттары Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысы аясында «Астана - кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің өкілдері Н.Сабильянов, М.Қазбекова, М.Айсина және басқа да депутаттар «АСТАНА-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесін енгізу бойынша шаралармен танысты.
Отырыс барысында халық қалаулылары 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарларды кедендік рәсімдеуді жеделдетуге, кедендік әкімшілікті жеңілдетуге және бизнестің әкімшілік кедергілерін азайтуға бағытталған «АСТАНА-1» кедендік және салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі арқылы электронды декларацияны енгізуге дайын екендігін көрді.
Сонымен қоса, шара барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Әмрин аталған мәселелер бойынша кеңінен баяндады.