Депутаттар «e-learning» бағдарламасын жауып тастауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутаттар электронды оқыту мәселесіне арналған «e-learning» бағдарламасын сынға алды. Қыруар қаражат жұмсалғанымен, тиімділік таныта алмай отырған бағдарламаны жауып тастау туралы мәселелер де көтерілді.

Депутаттар «e-learning» бағдарламасын жауып тастауды ұсынды

Депутат Гүлмира Исімбаеваның айтуынша, электронды оқыту бағдарламасы 2011 жылдан бастап енгізіле бастаған. Осы жобаға 2011-2014 жылдар аралығында 27,5 млрд теңге жұмсалыпты. «Ал енді 2015-2017 жылдар аралығында тағы 16 млрд теңге бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар, салынып жатқан нысандар 2012 жылы 1 159 еді, 2017 жылы да сол қалпында қалатын сияқты. 27,5 млрд теңге бөлініп отырса да, тиімділігі жоқ бұл қандай бағдарлама? Бағдарламаның тиімділігін, қанша нысан салынып, қанша мектеп пен колледжге енгзіліп жатқанын тексергендер бар ма?», - деді депутат Г. Исімбаева.

Ал Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова e-learning бағдарламасын мүлдем жауып тастауды талап етті. «Осы бағдарлама бойынша былтыр бізге есеп береміз деп уәде бергендер ештеңе көрсете алмады. Менің ұсынысым мынадай, олар бізге ештеңе түсіндірмейді екен, тиімділігі тіпті жоқ екен, ендеше бұл бағдарламаны жауып тастау қажет», - деді Г. Қарағұсова.