Депутаттар экономика салаларының статистикалық көрсеткіштеріне күмән келтіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі Статистика агенттігінің былтырғы жылғы қорытындыларына арналған Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Экономика және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов статистикалық жұмыстарға көңіл толмайтынын жеткізді.
«Агенттік жұмысының тың жетістіктеріне қарамастан, біздің пікірімізше статистикалық ақпараттың құрылымын озық халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуге оң ықпал ететін мәселелер баршылық. Айталық, халық та, депутаттар да ел экономикасын дамытуды талдау мәселесіне, стратегиялық және бағдарламалық құжаттардағы көрсеткіштерге маңыз береді. Белгілі болғанындай, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасын, білім беруді, денсаулық сақтауды, кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, сонымен бірге халықты ауыз сумен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған үш стратегиялық құжат, үш стратегия, екі доктрина, 25 тұжырымдама, 8 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Алайда, өкінішке қарай бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша ағымдағы статистикалық көрсекіштерді табу тым қиын немесе олар мүлдем жоқ», - деді комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов.
Оның айтуынша, агенттікпен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы көрсеткіштер индикаторларына тек мониторинг қана жүргізіледі. Сонымен қоса, индустриялық даму бағдарламасына мониторинг көрсеткіштері тек мемлекеттік органдарымен ғана келісіліп, бизнес қауымдастықтың мүдделері ескерілмей келеді. «Бұған қоса экономикалық салалар бойынша басқа да статистикалық көрсеткіштердің анықтығы күмән келтіреді. Агенттік пен министрліктердің статистикалық көрсеткіштері неліктен әркелкі екенін түсіне алмадық», - деді С. Әйімбетов.