Депутаттар елімізде Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі агенттік құруды ұсынады

Бұл сауалды депутат Розақұл Халмұрадов оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Су ресурстарының тапшылығы өсіп отырған және әлемдегі климаттың жаппай өзгеруі жағдайында елді сумен қамтамасыз етуді арттыру су ресурстарын реттеу және басқару стратегиясының дұрыс таңдалуына тікелей байланысты. Өйткені, қазіргі күні Орталық Азияда, Қазақстанда суды пайдалану мәселесі аса күрделі сипатта тұр. Мәселен, соңғы елу жылда елді мекендерді су ресурстарымен қамтамасыз ету 3,5 есеге азайып кеткен. Осылай кете берсе, Қазақстан біраз жылдан соң су ресурстары тапшы елдердің қатарына кіріп қалуы мүмкін», деді Р. Халмұрадов.
Депутаттың айтуынша, елімізде су ресурстарын басқару және реттеу шаралары халықаралық ұйымдар талаптарына сай белгіленбеген. Ал Қазақстанмен шекаралас мемлекеттер су мәселесінің басымдылығын түсініп, жеке су министрліктерін құрған. «Атап айтқанда, Қытайда, Түрікменстан мен Тәжікстанда арнайы Су шаруашылығы министрлігі бар. Қырғыз бен Өзбекстанда Ауыл және су шаруашылығы министрлігі жұмыс істейді. Ал кейбір жағдайда, осы су мәселесіне байланысты трансшекаралық өзендер проблемасын талқылағанда, аталған елдердің министрлері Қазақстанның Су комитетімен «өздерінің інісімен» сөйлескендей сөйлеседі. Сондықтан да Қазақстанда Су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі агенттік құруды ұсынамыз», деді Р. Халмұрадов. Бұл мәселені бірқатар депутаттар да қолдап, қол қойған.