Депутаттар енгізген түзетулер салық төлеушілердің жағдайын жақсартуға бағытталып отыр

АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда талқылауға дайындады.

Депутаттар енгізген түзетулер салық төлеушілердің жағдайын жақсартуға бағытталып отыр
Бұл заң жобасымен енгізілетін түзетулер валюталық реттеу және валюталық бақылау жүйесін одан әрі ырықтандыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасымен елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде Мемлекет басшысының актісімен енгізілетін арнайы валюталық режім шеңберінде қабылданатын шаралар ауқымы кеңейтілді және арнайы валюталық режімді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделді.Депутаттар енгізген түзетулер салық төлеушілердің жағдайын жақсартуға бағытталған. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері жер телімдерін пайдаланғаны үшін немесе қоршаған ортаға эмиссияға төлемақы үшін дербес салық төлеуші болып танылуы құқығын белгілеу үшін 2009 жылы өтпелі кезең енгізуді көздеу ұсынылды.Сонымен бірге депутаттардан айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетелдік валютаның сатып алу бағамының теңгеге сату бағасынан ауытқу шегін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Осы ұсыныстарды жұмыс тобы қолдады. Қорытынды салыстырма кестеге депутаттар тарапынан түскен ұсыныстар мен толықтырулар негізінде 65 түзету енгізілген. Енді бұл заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында жан-жақты талқылауға түсетін болады.