Депутаттар есірткімен күреске бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс – Ерлан Қошанов

АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттар есірткі саудасы проблемасын шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палатаа спикері Ерлан Қошанов айтты.

есірткі
Фото: polisia.kz

«Бәріңіз білесіздер, жуырда ғана Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы еліміздің рухани идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Соның ішінде депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек», - деді палата спикері.

Оның атап өтуінше, бүгінгі депутаттық сауалдар – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіне көрсетілген нағыз қуатты қолдау.

«Аталған мәселелер Парламенттің ресми мінберінен көтеріліп, нақты іске асырылатын болады. Яғни олардың негізінде Парламент бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Мәселен, бүгін біз лудоманиямен күресуге бағытталған заң жобасын жұмысқа алдық. Бұл құжат депутаттардың бастамашылығымен әзірленді. Оны осы сессияның соңына дейін қабылдауымыз қажет. Бұл – Президенттің тікелей тапсырмасы», - деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы соңғы кездері есірткі саудасы өзекті әлеуметтік проблемаға айналып отырғандығын баса айтты.

«Депутаттар осы мәселені шешуге бағытталған жұмыстың бел ортасында жүруге тиіс. Есірткі өндірісімен айналысқаны үшін жауапкершілікті күшейтіп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестіруіміз қажет. Тағы бір маңызды жайт – вандализм. Оның да кез келген түрі үшін жауаптылықты заңнама деңгейінде қатайту керек. Дін мәселесі де аса өзекті. Осы саланы реттеудің құқықтық негізін дәстүрлі әдет-ғұрпымыз бен құндылықтарымызға, зайырлы мемлекет қағидаттарына сүйене отырып, қайта қарауымыз қажет», - деді ол.