Депутаттар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жекелеген баптарына Елбасының қарсылықтарын қарайды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Парламентке жолдаған хатында аталған кодекстің қандай баптарымен келіспейтіндігін жазған.
Ел Президенті Кодексті қарап шығып, Үкіметтің құзыретін айқындау жөніндегі Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттіктері шектелгендіктен, Кодекстің 6-шы бабы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп санайды.
Осылайша Кодекстің 6-бабында Үкіметтің құзыреті айқындалған. Бұл ретте осы баптың 28-ші тармақшасында Үкімет осы Кодекске ғана сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады деп белгіленген.
«Алайда, Қазақстан Республикасы Конституцияның 66-шы бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Қазақстан Республикасы Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Одан басқа, уәкілетті орган Кодексте және өзге де заңдарда көзделген функцияларды жүзеге асырады деп айтылған Кодекстің 7-ші бабы көрсетілген бөлімінде заңдық тұрғыдан да қате деп санаймыз.
Себебі мемлекеттік органдардың құқықтық жағдайы, заңнамалық актілермен қатар Республика Президентінің жарлықтарымен, Үкімет қаулыларымен және өзге де заңға тәуелді актілермен белгіленуі мүмкін екендігі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы қазанның 15-індегі нормативтік қаулысында белгіленген.
Айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2-ші тармақшасына сәйкес Кодексті жеке баптарына қарсылықпен қайтарып отырмын», делінген Елбасы жолдаған хатта.
Және де соған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар ұсыныстарды алға тартқан. Атап айтқанда, Кодекстің 6-бабының 28-ші тармақшасы жаңа редакцияда жазылуын ұсынған.
Енді Елбасы қарсылықтарын Парламент депутаттары қайта қарап, дауысқа салуы тиіс.