Депутаттар кодекс жобасынан адамдардың еркін қозғалысын шектейтін норманы алып тастауды ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінен адамдардың еркін қозғалысын шектейтін алдын алу институтын алып тастауды ұсынады. Бұл туралы Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Еске салайық, комитет отырысында жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасы екінші оқылымда талқыланған болатын.
None
None

«Екінші оқылымға талқылау барысында депутаттар кодекс жобасын жақсартатын бірқатар ұсыныстар жасады. Белсенді талқылауда жобаны әзірлеуші тарап депутаттардың ұсыныстарына қолдау білдірді. Атап айтқанда, депутаттар Қылмыстық Кодекстен 10 қылмыс құрамын Әкімшілік кодекс жобасына қайтарды», - деді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі депутат Арман Қожахметов.

Тоқтала кететін жайт, кодексті әзірлеушілер 58 қылмыс құрамын Қылмыстық Кодекске ауыстырған болатын. Депутаттардың ұсынысымен осының 10 құрамы Әкімшілік кодекске қайтарылып отыр. Олардың қатарында тұрмыстық-отбасылық құқық бұзушылықтар, жеңіл қылмыстар, қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу, бейбіт митингтер өткізу тәртібін бұзу секілді қылмыстар қарастырылып отыр.

«Бұдан бөлек, заңды және жеке тұлғалардың қызметін тоқтату мен тыйым салу тәртібі де қайта қаралды. Бұл терең әрі жан-жақты талқыланған мәселе. Сонымен қатар, депутаттардың ұсынысымен адамдардың еркін қозғалысын шектейтін алдын алу институты да жобадан алынып тасталды. Бұл норма қолданыстағы Кодекске 2010 жылдың сәуірінде енгізілген болатын. Ол негізінен жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдардың және тұрғылықты мекенжайы жоқ тұғалардың бостандығын шектеудің алдын алу құқығы ретінде қарастырылған еді. Сонымен қатар, бұл шара субъектінің тұлғасын анықтау, сондай-ақ тұлғаның қандай да болмасын құқық бұзушылық жасағанын айқындап, оған жедел шара қабылдауға бағытталған еді», - деді А.Қожахметов.

Жалпы, жаңа редакциядағы кодекс жобасы 900 баптан тұрады. Құжат негізінен әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға, мемлекеттік органдардың әкімшілік жазаларды қолдану жөніндегі өкілеттіктерін айқындауға бағытталады. Бұдан бөлек, жоба аясында әкімшілік заңнама ізгілендіріліп, соттарға түсетін жүктеме азайтылады. Осыған байланысты соттар мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын уәкілетті органдардың құзыреттері қайта қаралады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум