Депутаттар Қостанайдағы «Ақылды ет фермасы» жобасымен танысты

Халық қалаулылары еліміз бойынша ең ірі мал бордақылау алаңы бар «Астық индустриясы» агрохолдингінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Айта кету керек, бүгінде бұл ірі серіктестікке бірнеше кәсіп нысаны кіреді. Сонын бірі - «Терра» ЖШС мал бордақылау алаңы. 2011 жылы алғаш рет Аустралия елінің «Абердин ангус» тұқымын әкеліп, ірі қара басын көбейтуді мақсат еткен еді. Кейінгі жылдары, іргелі шаруашылық мал басын 8 мың басқа дейін жеткізіп, өткен жылы 20 мың мал басы көрсеткішін бағындырды. «Астық индустриясы» холдингінің басшылығы мәжіліс депутаттарына жүзеге асқан жобалар мен бағындырған жетістіктер жайлы баян етті. Әсіресе, соңғы жылдары сәтті бастамалардың бірі асыл тұқымды мал басын көбейту ісі өрге домалап келеді.
«Ет кластерінің негізгі мақсаты - сиыр етінің көлемін одан әрі арттыру. Мәселен, 2018 жылы 101 мың мал басына шақталған мал бордақылау алаңын тұрғыздық. Бұл дегеніміз 2,5 мың тонна сиыр еті болса, оның жартысынан көбі Ресей және Өзбекстанға экспортталды», - дейді «Астық индустриясы» агрохолдингінің бас директоры Дәулет Ахметқалиев.
Оның сөзінше, алдағы уақытта компания 5 мың тонна ет өндіріп, 2 мың тоннасын сыртқа жөнелтуді межелеп отыр. Шаруашылықта цифрлы технологиялар да кеңінен қолданылуда. «Ақылды ет фермасы» өз тиімділігін көрсетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік берді. Ірі қараға арналған арнайы азық беру жүйесі де құрастырылған.
- Ет - экспортқа шығаруда пайда әкелетін өнім. Бүгінде Қазақстан 900 мың тоннадан астам ет өндіреді, осы бағыт бойынша үлкен экспорттық әлеуетке ие. Ал мал шаруашылығы өнімдерін өткізуде кедергі жоқ. Елдің агроөнеркәсіптік кешені үлкен әлеуетке ие болғандықтан, оның сыртқы нарықтағы даму келешегі зор. 2017-2027 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламада асылтұқымды мал басын көбейтуге де ерекше ден қойылып отыр. Бір ғана жергілікті холдинг өзге ірі шаруашылықтарға үлгі бола алатынын көрсетеді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов.
Холдингке қарасты «Терра» шаруашылығында 40-тан астам қызметкер бар. Олардың жалақысы 100 мың теңгеден асады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында субсидиялар да қарастырылған. Болашақта, ет өндіру ісін дөңгелетіп, халықаралық деңгейге шығу жоспары бар екендігін айтады, холдинг басшылығы. Ал, халық қалаулылары мал шаруашылығы саласындағы кең көлемді жобаларға оң бағаларын берді.Алдағы уақытта, ет өндірісі алға басып, экономиканың негізгі тірегіне айналатындығына сенім білдірді.