Депутаттар медициналық оқу орындарында балалар дәрігері бөлімінің жойылуына алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Депутаттар медициналық оқу орындарында балалар дәрігері бөлімдерінің жойылуына алаңдаушылық білдірді. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына сауал жолдаған депутат Дания Еспаева осы мәселені көтерді.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында былтырдан бері балалар емханасы ересектер емханасымен біріктірілген. Осыған байланысты барлық медициналық мекемелерде жалпы тәжірибедегі дәрігер балаларды да, ересектерді де қабылдай береді. Ал медициналық жоғары оқу орындарында «педиатр» мамандығы жойылған. «Мұндай жаңалық қоғам тарапынан орынды сынға ұшырауда. «Ақ жол» партиясына шағымданғандар осының салдарынан емханаларда бір дәрігерге қаралу үшін аяғы ауыр әйелдер де, емшектегі баласы барлар да, қарт кісілер мен жас балалар да үлкен кезекке тұратынын айтады. Ондай кезекте тұрған науқастардың көңіл-күйлері айтпаса да түсінікті», - дейді депутат.
Бұл ретте Д. Еспанова медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттерінің жабылуы да зор алаңдаушылық тудыратынын алға тартты. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні терапевт дәрігерлер төрт айлық курстардан өтіп, оның барысында олар балалар арасында ең көп таралған ауру түрлері туралы ғана білімін жетілдіреді. «Балалар ағзасының ерекшелігі арнайы біліммен қатар ұқыпты қарым-қатынасты да талап ететіні белгілі. Мәселенің моральдық-психологиялық қырынан бөлек, балаларды емдеудегі ендігі дәрігерлердің білікті әрі тиімді қызметі де күмән тудырады. Мұндай реформа ата-аналардың ғана емес, дәрігерлердің өздері тарапынан да түсініспеушілікке ұшырауда. Ең сорақысы, осындай сынақтан біздің балаларымыз жапа шегіп жатыр. Ал ондай біріктірулердің тиімділігі туралы ешқандай қорытындылар қоғамға белгісіз», - деді депутат.
Бұл ретте Д. Еспанова отбасы дәрігері практикасына көшудің маңыздылығын түсіне отырып, аталған бағдарламада Қазақстандағы балалар дәрігері бойынша қалыптасқан көпжылдық оң тәжірибелер ескерілмегенін алға тартады.