Депутаттар моноқаланы дамыту бағдарламасының орындалуын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестің отырысында моноқалалардың даму мәселесі талқыланып, депутаттар осы бағыттағы бағдарламаға бірқатар сын айтты.

Депутаттар моноқаланы дамыту бағдарламасының орындалуын сынға алды

Халық қалаулыларының пікірінше, моноқалаларды дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асыруда үйлесімділік жетіспейді. Мәселен, депутат Серікжан Қанаевтың айтуынша, бұл жұмысты бұған дейін өңірлік даму министрлігі үйлестірген. Ал қазір бақылаушы органдардың позициясын әкімдіктер иеленіп алса, моноқалаларды дамыту мәседесімен айналысатын жауапты тұлға барлық жерде бірдей тағайындалмаған.

«Біз арнайы сараптама жасап бақыладық, соңғы 2 жылда 27 моноқалалардың 23-інде әкім ауысты, соның ішінде 7 қалада әкімдер үш мәрте ауысып үлгерсе, Арқалық, Жезқазған мен Сәтбаев қаласының басшылары төрт реттен ауысты. Сонда бағдарламаның тиімділігі туралы қандай сөз болуы мүмкін? Оны кім қадағалап, бақылайды?», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзіне қарағанда, 11 моноқалаға 16 жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. «Қазан айының мәліметтеріне қарағанда, соның 800 млн. теңгесі ғана игеріліпті, қалған 800 млн. теңге игерілмеген. Бұл бағдарлама бойынша Алматы, Атырау, Қостанай облыстарында бөлінген бюджет қаражатының «мұрты да бұзылған жоқ». Ендеше, бұл ретте мәселенің бәрі орталық атқарушы органдарда емес, біздің өңірлердегі әкімдерге де тиісті болып отыр. Бұ қалай? Ақша бөлінеді, ал жұмыс ешқандай қозғалмайды? Бағдарлама сөз жүзінде жүзеге асып та жатыр, ал көрсеткіштер еш өзгермейді», - деді С. Қанаев.

Депутаттың айтуынша, 12 моноқалада өндіріс көлемі артпақ тұрмақ, керісінше түсіп кеткен. Жұмыссыздық көрсеткіші де солай.