Депутаттар мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға арналған заң жобасын әзірлеп жатыр – Мәулен Әшімбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

- «Мүмкіндігі шектеулі балалардың, оның ішінде көру қабілеті бұзылған жеткіншектердің сапалы білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Конституциямызда да бәріне тең мүмкіндіктер қалыптастыру туралы нормалар бар. Соларды іске асыруымыз керек. Сондай-ақ бұл – біздің адамгершілік міндетіміз. Осы бағытта министрлік (Оқу-ағарту министрлігі) тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Сонымен қатар аталған саладағы мәселелерді жүйелі және толыққанды шешу үшін біздің депутаттардың бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол білім беру жүйесінде инклюзивті ұстанымдарды аттыруды көздейді. Жалпы, бұл салада көптеген мәселе бар екені жасырын емес. Тиісті мамандар даярлауға, мектептердегі арнайы сыныптардың материалдық-техникалық базасын жетілдіруге қатысты түйткілдер бар. Сондықтан аталған заң қабылданғаннан кейін, осындай мәселелерді шешуге ықпал етеді деп сенеміз. Бүгінде сенаторлар бұл салада белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенат нашар көретін адамдарға жағдай жасауға арналған заңды мақұлдады.