Депутаттар мұнай мен мұнай өнімдерін ұрлағандарға, оның заңсыз тасымалы мен сатылуына байланысты жазаны күшейтуді көздеп отыр
Онда депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасына Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» ХДП басшылығының тапсырмасы бойынша бастамашылық жасаған болып отыр. «Тасымалдаушы компаниялар тарапынан мұнай магистральды құбырларына қатысты күзеттің күшейтілген шараларына қарамастан, қазіргі күні жағдай күрделеніп отыр. Тіпті, кейбір қолда бар мәліметтерге қарағанда мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша ірі қылмыстық топтар әрекет етіп, олардың өнімді өткізу арналары да жасақталып, бұндай қылмыстарды жасауға «ұрылар» әккіленіп алған. Ұрланған мұнайлар мұнай терминалдары арқылы сатып алынып, кейіннен заңсыз жолмен қайта сатылатын болып отыр. Осыған орай, заң жобасында мұнай мен мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалы, иеленгені, сатқаны, сақтағаны және өңдегені үшін әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікті қолдану шаралары көзделеді. Бұдан басқа құбырлардан мұнай ұрлағаны, қылмыстық жолмен мұнай өнімдерін иеленгені үшін жауапкершілікті қатайту қарастырылады», деді заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттардың бірі Валерий Котович. Оның айтуына қарағанда бұл жобаға Үкімет тарапынан да оң қорытындылар беріліп отыр.
Тоқтала кететін жайт, қазіргі қолданыстағы заңнамаларда бұндай ұрлықтарға қатысты қылмыстық жауапкершіліктер де қарастырылған. «Алайда, қолданыстағы заңнамада мұнайға қатысты бұл мәселе «автокөліктер және басқа да ұрлық құралдары» деп қана көрсетілген. Яғни, мұнай құбырларынан өнімдер ұрланғанда, қылмыскерлердің барлығы осы бап бойынша айыпталады, оның үкімі де жеңіл боп шығады. Сондықтан да біз бұл жерде нақты «мұнай және мұнай өнімдері» деп көрсетіп отырмыз», деді депутат.