Депутаттар Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы парламентаризмінің қалыптасуындағы рөлін талқылайды
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - 28 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы парламентаризмінің қалыптасуындағы рөлі» атты конференция өткізеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Форум жұмысына белгілі саясаткерлер, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қатысады. Осы үнқатысу алаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің еліміздің заңнамалық органының қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөлі талқыланады»,-деді ресми өкіл.
Бұдан басқа, алдағы аптада Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында және Мемлекет Басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты бағдарламалық мақаласында белгіленген негізгі міндеттердің орындалуы барысын түсіндіру мақсатындағы сайлаушылармен дәстүрлі кездесулерін еліміздің түрлі аймақтарында жалғастырады.