Депутаттар Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің жұмысын оң бағалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясында биылғы жылдың 7 айында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Онда ең алдымен қаңтар-шілде айларында атқарылған жұмыстар бойынша 15 минуттық видеоролик көрсетіліп, барлық депутаттарға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайы баяндалған кітапша үлестірілді.

2017 жылдың жеті айының қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Мәселен, осы уақыт ішінде облыста 439,1 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға көп. Ал өнеркәсіп саласындағы өңдеу өнеркәсібі 301,3 млрд. теңгені құрап, 34,6 млрд. теңгеге артқан.
null

Баяндамада көрсетілгендей, осы жылы негізгі капиталға 229,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл республикадағы үлесінің 5,7 % құраған. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, БАӘ-де - медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауыт салу, Ресей елімен - Евро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытай елімен бірлесе биоэталон, фосфор тыңайтқышын  шығаратын және 200 МВт күн электр стансасы құрылыстарын жүргізу келісімдері жасалды.

Республика бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны жағынан көш бастайтын оңтүстікте бүгінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері 177 709-ға жетті. Ал бұл салада жұмыспен қамтылғандар 331 490 адамды құрады. Олармен 158,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Сонымен қатар, оңтүстікте осы жылы 52 мыңға жуық жеке фермерлік қожалықтардан біріктірілген 297 кооператив құрылып, 539-ға жетті. Өткен жылға қарағанда екі есе артқан кооперация құру жұмыстары бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап отыр. 

Сессияда өңір басшысының жұмысын оң бағалаған халық қалаулылары аудан, қаланың дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында ұсыныстары мен өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев Мемлекет басшысының көрегендік саясатының арқасында облыстың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалынғанын айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, әкім аймақ халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарып, алға қойған міндеттер орындалып жатқанын және осы бағыттағы жұмыстар әліде жалғасын табатынын жеткізді. 

 

Соңғы жаңалықтар