Депутаттар «Педагог мәртебесі» туралы сауалдарға жауап берді - Қостанай облысы

Халық қалаулылары Жітақарада шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Олар кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар аталмыш саладағы кедергілер, мемлекеттік бағдарламалардың іске асуы, іскер азаматтар үшін ұтымды жобалар жайы сөз болды.
«Мұнан соң олар «Бөбек» балабақшасының жұмысымен танысты. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ұжымымен тілдесіп, оның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне оң бағаларын берді. Кейін дене шынықтыру және сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстарын бағамдап қайтты. Бұл нысанда ішкі әрлеу жұмыстары ғана қалды. Жаңа спорттық орталық ағымдағы жылы өз есігін, айқара ашады деп жоспарланған», - дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Ерболат Аханов агенттік тілшісіне.
Сондай - ақ, Снежанна Имашева мен Арман Қожахметов Жітіқараның №3-ші орта мектебінің материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда олар «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы аясындағы сауалдарға жауап берді.
Жұмыс сапары соңында робототехника кабинетінде болып, «Электроника», «Құлтемір құрастыру» секілді бағыттағы білім беру үрдісінің маңыздылығын да тілге тиек етті.