Депутаттар репродукциялық денсаулық бойынша ақпаратқа қолжетімділік жасын төмендету мәселесін көтеруде
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат -Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде кеңейтілген отырыс болып өтті. Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен жиында Қазақстанның жастары мен жасөспірімдері үшін репродукциялық денсаулық бойынша ақпаратқа және қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Надежда Петухова бүгінгі күні жастар мен жасөспірімдердің репродукциялық денсаулыққа қатысты ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы мен мүмкіндігін атап өтті. Оның айтуныша, бүгінгі күні Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қарастырылуда. Осаған орай, депутат ақпараттар мен қызметтерге қолжетімділік бойынша ұлттық заңнаманы жетілдірудің қажеттігін алға тартады. Атап айтқанда, депутат Н. Петухова ерікті медициналық қызметтер көрсетуге келісім беру немесе одан бас тарту жасын 18-ден 16-жасқа дейін төмендетудің қажеттігін алға тартады.
«Егер дамыған елдердің, бұрынғы одақтастарымыздың тәжірибесіне үңілсек, заңнамалық деңгейдегі медициналық қызметтерге келісім беру аталмыш елдерде 18-ден 14-16 жасқа дейін төмендетілген. Мәселен, бұл жас Грузияда, Молдова мен Беларусьта 16, Ресейде 15, Украина мен Өзбекстанда 14 жасты құрайды. Ал дамыған еуропалық елдерде, атап айтсақ, Дания, португалия, Нидерландыда 14-16 жасқа толған жасөспірімдер репордуктивті денсаулық жайында өз беттерімен қызметтер ала алады. Ал дәрігерлер заң жүзінде оларға осындай түрдегі қызметтер көрсетуге құқылы», - дейді Н. Петухова.
Осыған орай, депутат қазақстандық заңнама бойынша медициналық қызметтерге немесе одан бас тартуға ақпараттық келісім жасы 18, ал 16 жаста тек ата-аналарымен немесе қамқоршысымен ғана алатынын жеткізді. «Сонымен бір мезгілде, біздегі жасөспірімдерге қылмыстық жауапкершілік жасы 14-тен басталса, 16 жастан жасөспірім еңбек келісімшарттарын жасасуға құқылы. Мінеки, парадокс», - дейді депутат Петухова. «Бүгінгі жастар жыныстық қатынас мәселесінде ерте есейіп бара жатқаны да белгілі. Сонымен бір мезгілде, жыныс жолымен таралатын ауру түрлері де кеңінен таралып отырғаны, олар туралы білімнің жоқтығы тағы бар», - дейді ол.
Дегенмен, дәл осы мәселеге депутаттардың пікірі екіге жарылады. Мәселен, депутат Алдан Смайыл мектеп жасына батыстың бейәдептерін көшіре енгізу мәселесіне үзілді-кесілді қарсы.