Депутаттар Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы құжатты талқылайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын талқылауды бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл заң жобасы бұрынғы сынақ полигоны мен оған іргелес аумақтарда радиациялық әрі экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды пайдалану мәселесінде мемлекеттік қадағалауды күшейту мақсатында әзірленді», - Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин палатаның жалпы отырысында.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін заң жобасында мыналар ескерілген:
- Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру;
- аталған аймақта қызметтің негізгі түрлерін іске асыру бойынша тиісті функцияларды жүктей отырып, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы операторын айқындау;
- Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жерлерін оператордың пайдалануына беру.
«Комитет аталған заң жобасы бойынша қорытынды даярлауға әзір», - деді депутат.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да талқылайтын болады.