Депутаттар тұрғын үйге мұқтаж Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтеруде

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Владимир Бобров, Владимир Нехорошев және Аманғос Өтегенов «Тұрғын үй қатынастары туралы» еліміздің қолданыстағы заңына түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеп, Палатаның қарауына ұсынды,

Депутаттар тұрғын үйге мұқтаж Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтеруде

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бастамашылардың мәлімдеуінше, аталған заң жобасы Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алу құқығын бірінші кезекте берген кезде олардың табысынан шектеулерді алып тастау арқылы аталған санаттағы адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуді күшейту мақсатында әзірленген.

Қазіргі уақытта «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдар халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын топтарына жатады және тұрғын үйге мұқтаж басқа адамдармен қатар мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға теңдей құқықтары бар. Облыс, Астана мен Алматы қалалары әкімшіліктерінің деректері бойынша, кезекте тұрған Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары, сондай-ақ оларға теңестiрiлгендердің саны 5 мың 651 адамды құрайды.

Осыған байланысты депутаттар бастамашы болған заң жобасында Ұлы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеу құрметіне Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрғын үйлерін жеке меншікке өтеусіз беру құқығын, сондай-ақ олар бойынша тұрғын үйге мұқтаждардың жеке тізімін жүргізу арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға басым құқық беру ұсынылады.

Сонымен қатар еліміздің заңнамалық актілерінде азаматтарды апаттық үйлерден мемлекеттік тұрғын үй қоры болып табылатын, жергілікті атқарушы органдар салған тұрғын үйлерге көшіруге қатысты құқықтық олқылықтар бар. Сондықтан заң жобасында апаттық жағдайдағы жеке үйлерден көшірілген азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу кезеңінде оларға мемлекеттік тұрғын үйден берілген тұрғын үйдің құқықтық мәртебесін айқындау және апаттық жағдайдағы үйлері бар және сондай үйлерде тұратын азаматтардың жеке тізімін бекіту нормалары ұсынылған.

Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар тұрғын үйге мұқтаж Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларын уақытында тұрғын үймен қаматасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үйлер нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес апаттық жағдайда деп танылған азаматтарға тұрғын үй бөлу мәселесін шешуге ықпал етпек.