Депутаттар Ж. Досқалиевке уақтылы медициналық жәрдем көрсетілмегеніне алаңдаушылық білдірді
«Қыркүйектің 25-інде ақпарат құралдарында Денсаулық сақтау министрі Ж. Досқалиевке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде хабар тарады. Қыркүйектің 27-сіндегі тағы бір хабарда Ж. Досқалиевті Қаржы полициясының сұрақ алып тергеуі кезінде яғни, қыркүйектің 25-і күні инсульт алғаны белгілі болған. Алайда тек қыркүйектің 26-сында ғана сағат 15.40-та ол Ұлттық медициналық орталыққа ауыр халде жеткізілген. Біз уақтылы медициналық көмек көрсетілсе, мұндай салдар болмаушы еді деп есептейміз», деді депутаттар атынан сауалды жариялаған М. Итеғұлов.
Сонымен бірге депутат Ж. Досқалиевтің жоғары деңгейдегі білікті хирург екендігін, қандай қызмет атқарса да хирургтік тәжірибесінен қол үзбегендігін айтып, дәрігер ретінде көптеген азаматтардың өмірін сақтап қалғанын еске салды. «Ж. Досқалиевке деген қарым-қатынас та, көзқарас та басқаша болуы тиіс. Біздің елімізде ол секілді жоғары білікті мамандар көп емес. Сонымен бірге денсаулығы мықты азаматтың неге осыншалықты ауыр жағдайға жеткендігі бізді алаңдатады. Оған неге уақтылы медициналық көмек көрсетілмеген. Осы жайтты тексеруіңізді сұраймыз», деді депутат.
Сауалға бірнеше халық қалаулылары қол қойған.