Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім берді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында ҚР Президентіне Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру мәселесі қаралды. 

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Конституцияның 56-бабының 9-тармақшасына сәйкес, ҚР Президентінің Конституциялық Сотының судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен келісімін береді.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі лауазымына келесі кандидатуралар ұсынылады: Бақыт Әбілдинов, Рахымжан Ділдаев, Амангелді Есенов, Ғабиден Жақсылықов, Руслан Мелдебеков, Нұрлан Нұржанов, Ардақ Теңгебаев, Юлия Энгель, — деді Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр.

Жалпы отырыста дауыс беру кезінде Құрылтай Президентке аталған адамдарды Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындауға келісім берді.

Бұған дейін хабарланғандай, Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаны басқара береді.