Депутаттарға хат жолдаудан астаналықтар мен алматылықтар көш бастап тұр
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының атына үшінші сессия барысында жеке және заңды тұлғалар тарапынан келіп түскен өтініш пен арыз-шағымдардың жалпы саны - 5593. Бұл мәлімет Парламенті Мәжілісі Аппаратының жасаған қорытындысында көрініс тапқан.
Осы хаттардың мазмұнына назар аударсақ, оның басым бөлігінде, яғни, 2797 арыз-шағымда әлеуметтік мәселелер көтерілген. Сондай-ақ сот төрелігі және құқықтық тәртіп мәселелері - 1449 хатта, экономикалық реформа туралы ой-пікірлер 584 хатта көрініс тапқан. Сонымен бірге азаматтар өз хаттарында денсаулық сақтау мәселелеріне (326), ғылым және білім беру мәселелеріне (253), экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне (99) депутаттардың назар аударуын өтінген. Ал заң жобалары бойынша өз ұсыныстарын берген 85 хат келіп түскен екен. Еліміздің өңірлеріне бөліп қарасақ, өтініш білдіруде Астана мен Алматы қалалары көш бастап тұр. Парламентке астаналықтар 1150 хат жолдаса, алматылықтар 1115 өтініш жіберген. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (579), Оңтүстік Қазақстан (422), Алматы (353) және Қарағанды (317) облыстарының тұрғындары көптеген мәселені көтеріп, хат жолдаған. Ал өзге өңірлерге қарағанда, Батыс Қазақстан (110), Павлодар (120), Солтүстік Қазақстан (121), облыстары тұрғындарының белсенділігі төмен болып отыр. Айта кету керек, хат-хабарлар тек еліміздің тұрғындарынан ғана емес, ТМД елдерінің азаматтарынан да келіп түскен. Көрші елдерден барлығы 30 өтініш қабылданған.