Деректер орталықтарын салқындатуда суды көп қажет ететін технологиялардан бас тарту ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Деректер орталықтарын салқындату үшін суды көп қажет етпейтін жаңа технологияларды қолдану керек. Бұл туралы Афина ұлттық обсерваториясының Қоршаған ортаны зерттеу және орнықты даму институтының ғылыми директоры, ASHRAE қауымдастығының мүшесі Константинос Баларас Астанада өткен панельдік сессияда айтты.

Microsoft жасанды интеллект деректер орталығына 80 миллиард доллар инвестиция салады
Фото: news.microsoft.com

Сарапшының сөзінше, бұрын деректер орталықтарын салқындату үшін суды буландыруға негізделген технологиялар кеңінен қолданылған. Алайда мұндай жүйелер суды көп тұтынатындықтан, су тапшылығы бар өңірлерде қиындық туғызуы мүмкін.

– Мысалы, орташа көлемдегі деректер орталығын іске қосуды елестетіңіз. Бұл сол жерде кенеттен 10 мың немесе 50 мың тұрғыны бар қала пайда болғанмен бірдей. Өйткені орталықтың қажеттілігін өтеу үшін соншалықты көлемде су керек болуы мүмкін. Бұл электр желілеріне де, су ресурстарына да қосымша салмақ түсіреді, – деп түсіндірді Константинос Баларас.

Оның айтуынша, қазір деректер орталықтарын салқындатудың балама тәсілдері бар. Олар суды буландыруға тәуелді емес және электр энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

– Алдағы уақытта IT жабдықтарын салқындатудың басқа жолдарын қарастыру қажет. Қазір суды буландыруды қажет етпейтін, энергияны аз тұтынатын технологиялар қолжетімді. Сондықтан инженерлер жабдықтарды таңдағанда осы мүмкіндіктерді ескеруі тиіс, – деді сарапшы.

Константинос Баларас деректер орталықтарын жобалау мен пайдалануда халықаралық ASHRAE ұйымының стандарттары мен ұсынымдарын басшылыққа алудың маңызын да атап өтті. Оның сөзінше, бұл инженерлерге тиімді технологияларды таңдап, орталықтардың жұмысын дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Константинос Баларас Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын азайту үшін жаңа қуат көздерін іске қосумен шектелмей, энергияны үнемдеуге және көрші мемлекеттермен электр алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беру қажет екенін айтқан еді.