Державинск пен Ерейментауда су құбыры мен кәріз тораптары жаңартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев халықты сапалы ауыз сумен қамту үшін қандай жұмыстар жоспарланғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта облыстағы 589 ауыл ішінен 381 ауылда орталықтан сумен жабдықтау жүйесі бар, 38 ауылда – құрастырылған блок-модульдер орнатылған. 154 ауылда – орталықтандырылмаған сумен жабдықтау болса, 16 ауыл тасымалданатын суды пайдаланады», - деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда - 95,3%, ауылдық елді мекендерде – 89,8%.

«Жыл соңына дейін 31 ауылда және 2 қалада (Державинск, Ерейментау) ауыз су сапасын жақсарту, 390 шақырым су құбыры мен кәріз тораптарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Ол 12 мыңнан астам халық мекендейтін 20 ауылда орталықтан сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділікті арттырады. Кешенді блок-модульдер орнату арқылы 15 елді мекенде қосымша 2,6 мың адамды сапалы ауыз суымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», - деді Е. Маржықпаев.

Сонымен бірге, Щучье-Бурабай курорт аймағында экологиялық мәселелерді шешу аясында 15 млрд теңгеден астам сомаға 7 жоба жүзеге асып жатыр.

Бұл жобалар Щучье қаласында, Бурабай мен Қатаркөл кенттерінде, сондай-ақ курорттық аймақтағы шипажайлар мен сауықтыру орындарында орталықтан сумен жабдықтау және су бұру мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы 2025 жылға қарай сапалы сумен 100% жабдықтау үшін 65 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарланған.

Оның ішінде 34 ауыл үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, оның 31-і әзірлеу сатысында.

Ал 105 ауылда су тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату немесе ұңғымаларды бұрғылап, сүзгілер орнату жұмыстары жүруде.


Соңғы жаңалықтар
telegram