«Дешті-Қыпшақ: Құпия белгілер» атты деректі фильм көрерменге жол тартты (ФОТО)
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен түсірілген фильмнің сценарий авторы әрі жоба режиссері - Бақыт Қайырбеков.
«Біздің фильмде қыпшақ тілінің 14 ғасырдағы дәуірлеген тұсынан өте көп мағлұмат береді. Мысалы, Италияда қолжазба табылды, онда Венеция көпесінің баласына жазғаны бар: «Саудаға шықпас бұрын, ұзақ жолға дайындалуың керек. Сондықтан Қара теңізден өту үшін парсы тілін ғана емес, Ұлы Жібек жолына түсу үшін Дешті Қыпшақ елінің үлкен аумағынан өтесіздер және қыпшақ тілін меңгерулерің қажет» дейді. Фильмді түсіру барысында Арменияға бардық. Онда да армениялық қаріпте, бірақ қыпшақ тілінде жазылған дүниелер табылды. Кейін біз Италияға, Венецияға жол тарттық. Онда Қыпшақ жазуының ең ірі ескерткіші, құнды дүниесі «Кодекс Куманикус» сақтаулы жатыр. Ол кітап Өркендеу дәуірінің ұлы ақыны Франческо Петраркаға тиесілі болған», - дейді Б. Қайырбеков.
Оның айтуынша, Петрарка қала есебінен күн көру үшін осы кітапты қала әкімшілігіне сыйға тартқан және ол Петрарканы көз жұмғанға дейін қаражатпен қамтамасыз еткен.
«Қыпшақ тілінен тікелей қазақ тілі тарап отыр. Ол бүгінгі ағылшын тілінің танымалдылығымен бірдей болатын. Қыпшақ тілі мәдениеттерді жалғайтын халықаралық тіл ретінде саналатын», - дейді режиссер.
Қыпшақ тайпалары Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Поволжье, Кавказ және Қара теңіз жағалауы аумақтарын мекен ете бастаған. Орыс халқына олар половецтер (қыпшақтар) деген атпен белгілі болды. Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін Алтай мен Еділ аумағында туысқан түркі халықтарының бірігу процессі жүріп жатты. Бұл процесс қазақ халқының халық ретінде қалыптасуына себепші болды дейді тарихшылар.
Фильм осы кезеңді қамтыған. Онда қазақ халқының қалыптасу тарихы, этногенездің пайда болуы, ұлтты құраған тайпалар жайында кеңінен баяндалады.