Дэвис кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет ширек финалға шықты

ОРАЛ. KAZINFORM – Түркияның Анталия қаласында жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының финалдық кезеңінде плей-офф сатысына шыққан алғашқы командалар анықталды.

ҚТФ
Фото: ҚТФ

Командалық әлем чемпионатының топтық бәсекесінде Қазақстан құрамасы Гонконгты тізе бүктірді. 
Қазақстандық жасөспірімдер Гонконгпен Шымкентте мамыр айында Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің жартылай финалында кездесіп, 2:1 есебімен ұтқан еді.
Бұл жолы матчты Дамир Жалғасбай (№ 198 ITF Juniors) мен Николас Чэн (№ 298 ITF Juniors) бастады. Бірінші сет Дамирдің еншісінде кетті – 6:2. Екіншісінде Гонконг өкілі басым болды – 6:4. Шешуші партияда қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 6:3.
Осылайша, Д.Жалғасбай үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде мамыр айындағы іріктеуде Чэнге кеткен есені қайтарды.
Екінші ойында Заңғар Нұрланұлы (№ 77 ITF Juniors) Джек Чэнді (№ 205 ITF Juniors) қапы қалдырды. Бірінші сет 6:3 есебімен Заңғардың пайдасына шешілсе, екіншісінде ол қарсыласына мүлдем дес берген жоқ – 6:3.
Сөйтіп, жұптық бәсекенің нәтижесіне қарамастан, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тарихында алғаш рет Juniors Davis Cup жарысының ширек финалына мерзімінен бұрын жолдама алды.
Ертең, 13 қараша күні В тобында Қазақстан Франциямен ойнайды. Франциялықтар да Оңтүстік Африка Республикасы теннисшілерін жеңгендіктен, ширек финалға өтіп отыр. Тек Қазақстан – Франция матчында қай құраманың В тобынан бірінші және екінші орынмен шығатыны шешіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар