«Диабет балалар арасында дендеп барады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қарашаның 11-і. / ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 11-і,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Диабет балалар арасында дендеп барады» - республикалық  басылымдарға шолу

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Жоао Соарешті қабылдады. Қабылдау кезінде тараптар 2010 жылы Қазақстанның беделді ұйым - ЕҚЫҰ -ға төрағалығы жөніндегі мәселелерді талқылады. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Президент бастамасына қолдау білдірілді» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.

Жоао Соарештің сапары туралы «Казахстанская правда» газеті де жазып, «Қазақстан өте маңызды бастамамен шығып отыр. Осы жаңа идеяны жүзеге асыру халықаралық ұйымның жұмысына тың серпін береді» деген шетелдік қонақтың сөзін келтірген.

Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқуға болады.

 «Биылғы жылы еліміздегі екі бірдей ең алдыңғы қатарлы жетекші оқу орны - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қ.И Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ 75 жылдық мерейлі жасқа келіп, бірі мерекені атап өтсе, екіншісі дайындық үстінде. Осы айтулы екі оқиғаға орай Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев алдымен ҚазҰУ-ге арнайы келіп, республикадағы барша жоғары оқу орындарының профессорлары мен студенттеріне арнайы  дәріс оқуы, онан кейін техникалық білімнің қара шаңырағы - ҚазҰТУ-ға атбасын бұруы мерейтойлар мәртебесін көтеріп, еліміздің білім мен ғылымға деген ықыласы ерекше екендігін аңғартты». «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген, мерейтой қарсаңында  аталмыш басылымның бүгінгі саны «Жестпіс бес жылдық жемістер» деген тақырыппен Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың ректоры, профессор Жексенбек Әділовпен болған сұхбатын жариялапты.

 Сондай-ақ осы басылымдағы «Елдің рухани қажетін өтеу» деген тақырыппен берілген мақала «Егемен Қазақстан» газетінің  90 жылдығына орай беріліпті. «Газеттің 90 жылдық тарихын ойша шолғанда, жаңа ғасырдың жыл құсындай болған «Етжеңді «Егемен» томдарын бір кезде ардақты ағалар қолға алған «Еңбекші қазақ» кітапханасының рухани жалғасына баладық»,- дейді басылым.

 ***

«Дерттің ауыр - жеңілі болса да, жаман-жақсысы болған емес. Десе де, қант диабеті дегенде, жан түршігеді. Бұл сырқатқа бір шалдықпа, бір шалдықсаң, өмір бойы күтініп, өзіңді өмір қызықтарынан тыйып жүруге тура келеді»,- деп жазған  «Айқын» газетінің  бүгінгі санындағы «Диабет балалар арасында дендеп барады» деген тақырыптағы мақала әлі күнге дейін толыққанды емі табылмай келе жатқан «диабеттік» жайында сөз қозғайды.

«Ауылыңда төбең болса - ерттеулі тұрған атпен тең, қазыналы қартың болса - жазылмаған хатпен тең» дейді атам қазақ аталмыш  басылымның бүгінгі санындағы «Қазақ балабақшаларын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» дегентақырыппен берілген Сәуле Әбединованың мақаласы академик-ғалым, профессор Шора Шамғалиұлының ұлағатты ойларына тоқталыпты.

Сондай -ақ басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле» айдарымен берілген «Бізді Елбасымыздың өзі дәл осылай жұмыс істеуге үйреткен» тақырыбындағы сұхбатта, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов «Жол картасы» аясында оңтүстікке істеліп жатқан игі шаралар жөнінде әңгімелейді.

***

Қазақстан экономикасының бәсеке қабілеттілігі толығымен қалпына келді деуге болады. Шикізатқа деген баға, экспорттық тауар және Қытай мен Ресейдегі жағдай тұрғысынан алғанда, теңге бағамы нығаюы тиіс. Қазір жағдай қалыпты, сондықтан Ұлттық банк ешқандай «интервенциялық» шара жүргізбейді», - дейді Ұлттық банк төрағасы Г. Марченко «Казахстанская правда» басылымында. Аталмыш газет Ұлттық банк төрағасы кеше Елбасының қабылдауында болғанын жазған.

«Транзит-сервис» ЖШС-нің салынып жатқан қоймалар құрылысындағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақатамау салдарынан болған. Төтенше жағдайлар министрі В. Божконың бұл тұжырымын «Экспресс-К» газеті келтірген. Оның айтуынша, қойма ішінде болған адамдар ыстан және өрттен бөлінген химиялық элементтерден уланып өлген.  Егер жұмысшылар өрт сөндірушілерді дер кезінде шақырып, өртті өздері сөндірумен айналыспағандарында көп құрбандық болмас еді.

Бұл апат турасында «КазПравда» газетінен де оқуға болады.

Ал «Известия-Казахстан» газеті оқырмандарына Ішкі істер министрлігі заңмен тыйым салынған жерлерде темекі шеккендерге айыппұл салуды бастайтынын жеткізген. Полиция «Халық денсаулығы туралы» кодекс күшіне ене салысымен, оның баптарына сәйкес, темекі шегетін орындардың аумағы шектелуіне байланысты заң бұзған азаматтарға айыппұл салуға уақытша мораторий жариялаған еді. Бұл  ел азаматтарының жаңа заң талаптарымен танысуға берілген мұрсат болатын. Ендігі уақытта заңмен тыйым салынған орында темекі шеккен азаматтарға ресми түрде айыппұлдар салынбақ.