Диана ханшайымның өлімін тергеген заңгер АҚХО сотының төрағасы болып тағайындалды

ахқо
Фото: Астана халықаралық қаржы орталығы

Қасым-Жомарт Тоқаев Мэлдон Лорды Бернетті АХҚО сотының төрағасы етіп тағайындады. Лорд Бернетт соңғы үш жыл осы лауазымды атқарған құрметті Лорд Манстың орнын басты, деп хабарлайды Kazinform Астана халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лорд Бернетт 2017-2023 жылдар аралығында Англия мен Уэльс Жоғарғы сотының бас судьясы қызметін атқарды.

Ол Оксфорд университетінің Пемброк-колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алып, 1980 жылы Англия мен Уэльстің адвокаттар алқасына жұмысқа шақырылды. Жоғары дәрежелі адвокат (барристер) ретінде қызмет атқарып, 2003 жылдан бастап аталған ұйымды басқарды.

1992 жылдан бастап Тәждің кіші заң кеңесшісі, 1998 жылдан бері — Патшалық заң кеңесшісі (King`s Counsel) қызметін атқарады.

Адвокаттар алқасындағы заңгерлік тәжірибесінен басқа, ол ерекше маңызды істер бойынша кеңесші қызметін атқарды. Соның ішінде 1997 жылы болған Уэльс ханшайымы Диана мен Доди Файедтің өлімін тергеген. 

Лорд Бернетт 2008 жылы судья, 2011 жылдан 2014 жылға дейін Англия Батыс округінің төрағалық судьясы ретінде қызмет атқарды.

2014 жылы Апелляциялық сотқа тағайындалды. 2015 жылдан 2017 жылға дейін судьяларды тағайындау жөніндегі Тәуелсіз комиссия төрағасының орынбасары болды.

2017 жылдың шілдесінде Лорд Бернетт 59 жасында 1958 жылдан бері қызметке тағайындалған ең жас Лорд-Бас судья болып, Англия мен Уэльстің барлық соттарына төрағалық етті.

Лорд Бернетт Ұлыбританияда және бүкіл әлемде мінсіз беделге ие. Оның АХҚО Сотына Сот Төрағасы болып тағайындалуы АХҚО Соты мен АХҚО үшін маңызды жетістік болып табылады.

АХҚО соты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап істеп, Лорд Манс төрағалық еткен кезеңде қаралған істердің саны мен қалыптасқан беделі бойынша ұқсас коммерциялық соттардан едәуір озды.

2 қарашаға дейін АХҚО соты 87 шешім шығарды.

Олар АХҚО сотының сайтында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарияланған. АХҚО сотының бүкіл шешімдері Қазақстан соттарының қатысуынсыз АХҚО соты әзірлеген сатылы рәсімдерді қолдану арқылы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 100%-ға орындалды.

Сот ісінде талап етілген ең үлкен сома — 330 миллион АҚШ доллар болды. Бүгінде сомасы бірнеше миллион АҚШ долларына тең сот істерінің саны көбейіп жатыр. 

Қазақстанда бизнес жүргізетін 27 елдің инвесторлары, соның ішінде Еуразия елдері, Қытай, БАӘ және Үндістан сияқты Қазақстанның негізгі сауда серіктестері коммерциялық дауларды шешу алаңы ретінде АХҚО сотын таңдайды.

«Мен үшін АХҚО сотының төрағасы лауазымын атқару, осы лауазымда Лорд Манстың, ал оған дейін Лорд Вульфтың орнын басу үлкен мәртебе. АХҚО Соты тәуелсіз сот төрелігі және бизнес пен инвестицияларды дамыту үшін сенімді негізді қамтамасыз ете отырып, заң үстемдігі қағидатын қатаң сақтаудың арқасында әлемде танылған беделге ие. АХҚО соты Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Еуразияның бүкіл өңірі үшін де ерекше маңызға ие. Мен Қазақстан басшылығының АХҚО соты мен „Астана“ халықаралық қаржы орталығын ілгерілетудегі көрегендігімен келісемін және екі институттың да үздік нәтижелерге қол жеткізуді жалғастыратынына сенімдімін. Мен алдымдағылардың ізімен жүріп, АХҚО сотының одан әрі табысты болуына үлес қосуға тырысамын», — дейді Лорд Бернетт. 

Лорд Манс өз кезегінде Қазақстан Республикасының басшылығына көрсеткен сенімі үшін ризашылығын білдірді.

«Соңғы төрт жылда АХҚО соты ұжымының атқарған жұмысымен мақтанамын. АХҚО соты — Еуразиядағы бірегей ұйым. Қысқа уақыт ішінде ұқсас коммерциялық соттарының көрсеткіштерінен едәуір асып түсетін көлем, бейін мен бедел қалыптастырды. Сот сайтында қаралған және орындалған даулардың ауқымы мен тереңдігін көруге болады. Қазақстандағы және Еуразияның басқа елдеріндегі инвесторлар коммерциялық құқық саласындағы жоғары халықаралық стандарттарға және заң үстемдігі қағидатын қатаң сақтауға негізделген соттан тек тәуелсіз және бейтарап сот төрелігін күтуге болатынына сенеді. Лорд Бернеттен АХҚО Сотының қызметін одан әрі жалғастыруын асыға күтемін және АХҚО-ның барлық ұжымына ізгі тілектерімді білдіремін», — деді ол. 

Іс-шара шеңберінде АХҚО сотында бірқатар басқа да тағайындаулар болды.

Атап айтқанда, судья Том Монтегю-Смит К.С. АХҚО Ұсақ даулар сотынан АХҚО Бірінші инстанциядағы сотына ауысты. Джозефина Хиггс К.С. және Сайма Ханиф К.К. АХҚО Ұсақ даулар сотының судьялары болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар