Диас Қадырбаев АҚШ-тан елге депортацияланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бостонда болған террорлық актіні тергеу кезінде сотты болған қазақстандық Диас Қадырбаев АҚШ-тан Қазақстанға депортацияланады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА The Boston Globe сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
24 жастағы қазақстандық Америка полициясының тергеуіне кедергі келтіргені үшін сотталған еді. Атап айтқанда, ол досы Азамат Тажаяқовпен бірге ағайынды Царнаевтардың пиротехника салынған арқа қоржыны мен ноутбугын жойып жіберген болатын.
Атап өтілгендей, сәрсенбі, 29 тамыз күні Д.Қадырбаев АҚШ-тың федералдық түрмесінен босатылды. Бұл ақпаратты осы елдің Иммиграциялық және кедендік полициясының ресми өкілі растады.
«Қадырбаев мырза АҚШ-тан Қазақстанға депортацияны күтіп, АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының қамауында қалады», - деп мәлім етті полицияның баспасөз хатшысы Джон Мохан.
Еске салайық, Д.Қадырбаев 2015 жылы Америка түрмесінде 6 жылға жазасын өтеуге сотталған болатын. Ол 2013 жылы Бостонда ағайынды Царнаевтар жасаған лаңкестік актіні тергеу кезінде айыпты деп танылды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қадырбаевтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығатынын осыған дейін хабарлаған болатын. Ол жазасын Техас штатындағы «Big Spring» федералды түрмесінде өтеді.