Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқов 25 жылға сотталуы мүмкін - ҚР СІМ
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Федералдық сот алқасы Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовты айыпты деп тапты. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Нью-Йоркте орналасқан Бас консулдығынан түскен ақпаратқа сәйкес, кеше, яғни 8 тамызда Федералдық сот алқасы Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев және Азамат Тажаяқовқа қатысты айып тағуды қолдады. Айып екі тармақтан тұрады: біріншісі - тергеуге кедергі келтіру мақсатымен алдын ала келісім, екіншісі - тергеуге кедергі жасау, қылмыскерге көмек көрсету және араңдатушылық. Аталған айыптар бойынша олар 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірінші тармақ бойынша 20 жыл берілсе, екінші тармақ 5 жылды көздейді. «Сондай-ақ жазаны өтегеннен кейін олар бақылауға алынып, 250 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеп беруі тиіс. 13 тамызда кезекті сот отырысы өтеді», - дейді Н.Айтмаханов.