Дидар Амантай мәңгілік құндылықтар жасаушылардың бірі - мәдениеттанушы Мұрат Әуезов

АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Дидар Амантайдың шығармаларының бүгінгі таңда көптеген тілдерге аударылып жатқаны заңды құбылыс.

Дидар Амантай мәңгілік құндылықтар жасаушылардың бірі - мәдениеттанушы Мұрат Әуезов

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов бүгін Алматыда қаламгердің «Қарқаралы басында» кітабының түрік, француз, моңғол тілдеріндегі нұсқаларының таныстырылымында осылай айтты.

«Дидар тарихпен, өткен заманмен және үлкен кеңістікпен тіл табыса алатын жазушылық қасиетін көрсетіп отыр. Өйткені ол мәңгілік құндылықтарды тудырушы. Жалпы біреудің шығармаларын басқа тілдерге аудару шығармашылық жағынан өте қиын нәрсе. Оның нәтижесі әрдайым сәтті бола бермейді», - дейді М.Әуезов. Қоғам қайраткерінің айтуынша, Дидар туралы кейбіреулердің «қазақ туралы аз айтады», «космополит» деген сөздер шындыққа сай келмейді. Оның өзіндік ерекше стилі бар. Өзге елден өз оқырманын табу кез келген жазушының маңдайына бұйыра бермейтін үлкен бақ.