Дидар Смағұлов түлектер ҰБТ тапсыратын күнін қалай біле алатынын түсіндірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов түлектер ҰБТ тапсыратын күні мен орнын қалай біле алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Түлектер өтініштерді онлайн тәртіпте берді. Тестіні қай күні тапсыратыны туралы ақпаратты онлайн алуға болады. Атап айтқанда, онлайн режимде тіркелген балалардың Ұлттық тестілеу орталығы сайтында жеке кабинеті бар. Сол сайтқа кіріп, логин мен құпия сөзді енгізіп, тест тапсыратын күнді анықтауға болады»,- деді Д. Смағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол арнайы мессенджер арқылы ЖСН-ді теріп, ҰБТ тапсыру күнін нақтылау мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Барлық қажетті ақпаратты балаларға жеткіздік деуге болады. Әлеуметтік желілерде барша ақпарат толық көрсетілген. Егер де қосымша сұрақтар болса, олар маған тікелей Instagram арқылы байланысқа шыға алады. Мен міндетті түрде жауап беремін»,- деді Дидар Смағұлов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық тестілеу орталығының директоры биылғы ҰБТ-ны өткізу тәртібі жайында түсінік берді.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.