Диджей радиоэфирде 169 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, рекорд жаңартты

БЕРЛИН. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат - Германиялық диджей өзінің «таңереңгілік» бағдарламасы әуе толқынына шыққан сәттен бастап 169 сағат бойы немесе 7 тәуліктен астам уақыт бойы радиоэфирде нон-стоп режімінде болып, әлемдік рекорд жасады.

Диджей  радиоэфирде  169 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп,  рекорд жаңартты
Бұл туралы Франс-Пресс агенттігі радиостансы өкілдеріне сілтеме жасап хабарлайды. Немістің Ганновер қаласындағы Hit Radio Antenne радиостансысының жүргізушісі 26 жастағы Доминик Шольмайер осылайша бұған дейін үнділік диджей орнатқан әлемдік рекордты бір сағатқа жаңартып отыр. Ереже бойынша алты минутта қатарынан екі ғана музыкалық композиция ойнатып, ал одан кейін жүргізуші эфирде өзі сөйлеуі керек. Ол сондай-ақ эфирдің әр сағатынан кейін бес минуттық демалысқа немесе үш сағат хабардан кейін 15 минут үзіліске құқылы болған. Бір аптаға созылған эфир кезінде рекордшының денсаулығын дәрігерлер тобы қадағалап отырған.