Диего Марадона Аргентинаның футбол құрамасының бас жаттықтырушылығынан кетті
АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат -Диего Марадона Аргентинаның футбол құрамасының бас жаттықтырушылығынан кетті. Аргентинаның Футбол қауымдастығының Атқарушы комитеті онымен келісімшартты ұзартпау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды РСН агенттігі.
«Марадонаның кезеңі аяқталды, бірақ оған біздің үйіміздің есіктері әрқашан ашық», - деп мәлім етті қауымдастық өкілі.
Құраманың енді бұрынғы бас жаттықтырушысы атанып отырған Марадона дүйсенбі күні Аргентина Футбол қауымдастығының президентімен кездесіп, екі сағатқа созылған әңгіме барысында өткен әлем чемпионатында сәтсіздікке ұшыраған құраманың жетекшілігіндегі жұмысты жалғастырудың мүмкіндігін талқылаған болатын.
Марадонаның төңірегіндегілердің айтуыша, ол өз ассистенттерінің арасында ауыстырулар жүргізу туралы ұсыныспен келіспеген. Бұған дейін де Марадона, егер барлық көмекшілері өз орындарында қалса ғана, жаттықтырушылықта қалатынын мәлім еткен еді.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Африкада әлем чемпионатының ширек финалында Аргентина құрамасы немістерден 0:4 есебімен ойсырай жеңілген болатын.