Digital Bridge 2023 форумы не берді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов 12-13 қазан күндері Астанада өткен «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумының негізгі нәтижелерін атады, деп хабарлайды Kazinform.
«Форум 2018 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл оған IT-саладағы ең табысты қазақстандық және шетелдік сарапшылар, 30 елден келген делегациялар, 300-ден астам IT-компанияның өкілдері, 450 спикер, 100-ден астам инвестор мен «бизнес-періште» (стартаптарға ең бастапқы кезеңінде қаржы құятын инвесторлар), 150-ден астам стартаптың авторы қатысты.
Форум аясында венчурлық инвестор, Draper Fisher Jurvetson және Драпер университетінің негізін қалаушысы Тим Драпер, TikTok бас директоры - Шоу Чу, Digital Nomads қауымдастығын негізін қалаушысы Әсет Абдуалиев, ICPC қорының атқарушы директоры Уильям Паучер, Starlink мәселелері бойынша SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер, Аrbuz, Aviata, Pinemelon USA және Ticketon онлайн қызметтерінің негізін қалаушысы Алексей Ли сияқты танымал адамдар шақырылды», - дейді Ерсұлтан Ерманов.
Оның сөзінше, форум алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер мен басқа да ұйымдар IT-инновацияларды дамытуға бағытталған 29 құжатқа қол қойған.
«Біздің министрлік 3 меморандумға қол қойды. Оның ішінде ICPC қорымен 2024 жылы Қазақстанда бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізу туралы келісім қабылданды. Astana Hub халықаралық технопаркі өңірде венчурлік инвестицияларды танымал ету арқылы Орталық Азиядағы технологиялық стартаптардың экожүйесін, Қазақстанның венчурлік нарығын дамытуға бағытталған 8 меморандумға қол қойды.
Өз кезегінде, метаәлемде өткен Job Fair жұмыс жәрмеңкесі де ұйымдастырылды, 20 ірі компаниядан 500-ден астам бос жұмыс орындары ұсынылды», - деді министрлік өкілі.
Аталған еңбек жәрмеңкесіне әлемнің кез келген нүктесіндегі адам онлайн форматта қатысуға мүмкіндік алды.
«Форум аясында Astana Hub Battle байқауы өтті. Оған Орталық Еуразиядан 200-ден астам IT-компаниялар қатысып, IT-өнімдерін ұсынды. Astana Hub Battle жеңімпаздары бес номинация бойынша анықталып, әрқайсысы 25 мың долларға ие болды.
Жарыстың үздіктері - MyMind, Porte, Beksar, MyStory және Qtap стартаптары атанды», - деді департамент басшысы.