Digital Bridge 2023 форумын өткізуге бюджеттен қанша ақша бөлінді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумын өткізуге бюджеттен қанша қаражат жұмсалғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Биыл форумды өткізуге бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сондай-ақ, демеушілердің қаржысы тартылды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның сөзінше, форумға шақырылған шетелдік қонақтардың көбі жол мен қонақүй шығындарын өздері көтерген.
«Қазіргі таңда шетелдік қонақтарға қанша қаражат кеткенін айту қиын, негізі. Көбі өз ақшасына келді. Кейбір қонақтарға ғана қонақүй мен ұшу шығындары төленді. Нақты сан керек болса, ресми түрде жазсаңыз, нақты жауап береміз», - деді департамент басшысы.
Айта кетейік, «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан еді.