«Digital Nomad Visa/Residency» визасын қанша шетелдік маман қолданды

виза
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында шетелдік мамандарға қандай салықтық жеңілдіктер берілетінін айтты.

«Инновациялық жобаларды дамыту мақсатында «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркі жұмыс істейді. Қатысушылар үшін салықтық жеңілдіктер, аумақтан тыс режим, жеңілдетілген еңбек және визалық режим қарастырылған. Олар білікті шетелдік бағдарламашыларды тартуды ынталандыру үшін енгізілген. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жанынан жұмыс тобы жұмыс істейді. Оған сәйкес «бір терезе» қағидатымен әлеуетті «цифрлық көшпенділерге» қызмет көрсету бойынша жағдай жасау үшін «Digital Nomad Visa/Residency» тұрақты тұруға рұқсат берудің оңайлатылған тетігін енгізу бағытында іс-шаралар жоспары әзірленді», - деп атап өтеді вице-премьер жауабында.

Тамара Дүйсенованың атап өтуінше, министрлік бүгінгі таңда аталған тетік бойынша Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығымен 3 шетелдік IT-маманды тартты.

«Бұдан басқа Салық кодексінде (621-бап) қабылдаушы тұлғалардың Қазақстан Республикасының визаларын беру жөніндегі шақыруларын келісу кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының визаларын беру, қалпына келтіру немесе ұзарту кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылатын адамдардың тізбесі көзделген. Аталған тұлғаларға шетелдік инвесторлар мен этникалық қазақтар жатады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар