Дихан Қамзабекұлы Ұлттық құрылтай туралы: Халықтың сұранымына сай қызмет ету керек

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Түркістанда Ұлттық құрылтай қарсаңындағы жұмыс секцияларының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дихан Қамзабекұлы Ұлттық құрылтай туралы: Халықтың сұранымына сай қызмет ету керек
Фото: assembly.kz

Алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы Түркістан топырағында өткелі отырған құрылтайдың маңызы жоғары екенін жеткізді. Әсіресе, халықтың сұранысына сай қызмет ету, абыройлы іске бастайтынын айтты.

«Құрылтай Президент жанындағы кеңесші орган болғандықтан мәселені көтеру жұмыстың бір жағы ғана. Оп-оңай шешілетін мәселені қиындатпауымыз қажет немесе қиын шешілетін мәселені кезең-кезеңімен шешуіміз керек. Бізде көбінесе мәселе айту, бір- бірімізге мұң шағумен жиындар тарқап жатады. Бүгін де тәжірибелі азаматтар жиналып отыр. Атқарушы, заң шығарушы билікке мәселені шешу тетігін көрсете білу керек. Секция отырысында осы тараптан біраз ойлар айтылды», – деді ол.

Сондай-ақ, профессор қиын жылдарда билік пен қоғам арасында оппозициялық, бір-біріне сенбеушілік деген ұғымдар қалыптасқанын жеткізді.

«Халықта солай ойлады. Ал шын мәнінде қоғам өзінің сенімді өкілдерін билікке жіберу керек. Соларға сенім білдіріп, мәселелерді шешу тетіктерін солар арқылы жүзеге асыру қажет. Осы жағдайда қоғамға түсінікті тілмен «жауапкершілік бәріміздің мойнымызда» деген ұғымды сіңдіруіміз керек. Жастарды осы бағытта тәрбиелеуіміз қажет. Сондай-ақ, әрбір істе халықтың сұранымын ескеруге тиіспіз. Халықтың сұранымы – мемлекетшілдік, қоғамның шынайылығы, табиғилық. Соны айқындап, шешу жолында қызмет етсек, халықтың алдында абыройымыз да биік, маңдайымыз да ашық болады», – деді Диқан Қамзабекұлы.