Дихандарға дизель отынының 1 литрі 68 теңгеден жеткізіледі
АНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Көктемгі егіс науқанында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынының 12 литрі 68 теңгеден жеткізіледі.
Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
Көктемгі егіс науқанына орай облыстар бойынша дизель отынымен қамтамасыз етудің тізімі бекітілгеніне тоқталған С. Мыңбаев, барлығы 354 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауыттарының дизель отыны литрі 59 теңгеден жіберіледі. Ал тұтынушыларға, яғни ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отыны 68 теңгеден жеткізіледі. Министрдің сөзіне қарағанда, 68 теңге бұл тұтынушыларға жеткізілетін ең соңғы баға. «Бөлшек нарығында дизель отынының бағасы қазіргі кезде 76 теңгені құрап отыр. Атап айтқанда, бөлшек саудамен салыстырғанда 11 пайыз деңгейінде жеңілдік жасалатын болады»,-деді С. Мыңбаев.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев бұл баға (68 теңге) ішкі нарықтағы бағаның ауытқуы деңгейіне қарамастан көктемгі дала жұмыстарының барлық кезеңінде, яғни наурыз бен мамыр айын қоса есептегенде сақталатынны айтты.