Диқандар астық бағасының көтерілуін күтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық диқандар астық бағасының қымбаттауын күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Диқандар астық бағасының көтерілуін күтуде

«Қазақстандық фермерлер астық бағасының қымбаттауын күтіп отыр. Дегенмен, тамыз айында елімізде сатылған астықтың көлемі 390 мың тоннадан асты. Qoldau.kz порталының статистикасына сәйкес өткен айда 3-сұрыпты жұмсақ бидайдың орташа бағасы 47 500 теңге болды. Бұл ретте тамыз айының екінші жартысында астық құнының қымбаттауы байқалды.  Нарықтағы ең белсенді өңірлерге  астығы мол Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары кіріп отыр. Бұлардағы мәміле көлемі сәйкесінше 185, 122 және 55 мың тонна астықты құрады», - делінген орталық мәліметінде.

Айта кетерлігі, ең қымбат астық Қостанай облысының еншісінде. Бұл өңірде 3-сұрыпты қатты бидайдың 733 тоннасы 61 500 теңгеден сатылған. Ал осыдан бір апта бұрын ғана дәл осы өңірде 3-сұрыпты қатты бидайдың шамамен 800 тоннасы  тоннасына 49 мың теңгеден саудаланған еді.

«Бүгінде әрбір фермер үшін нан бағасына қатысты мәселе өте маңызды екендігін түсінеміз. Барлығы да өз еңбектерінің лайықты болғанын қалайды. Дегенмен бүгінгі күні астық нарығы туралы ақпарат алуан түрлі болып отыр. Ендігі уақытта  онлайн режімде статистика жүргізілетін qoldau.kz порталы арқылы  кез келген азамат астықтың қандай бағаға және қандай сапада сатылып жатқанын біле алады. Сатылым бағасы мен көлемі тек нақты өңірлер шегінде ғана емес, сонымен бірге астық қабылдау кәсіпорындарында да көрініп тұрады. Бұл  өндірушілер үшін де тиімді», - деді «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат Құрманов.

Тамыз айында сатылған 390 мың тонна астықтың 82 пайызын 3-сұрыпты бидай құрайды. Сол айдың екінші жартысында астық бағасы біршама қымбаттады. Мәселен, 3-сұрыпты жұмсақ бидайдың тоннасы орташа есеппен 49 927 теңгеге саудаланған. Ең жоғары баға Ақмола облысында тіркелген. Бұл өңірде астық сатып алушылар бидайдың бір тоннасына 51 мың теңге ұсынған. Ал Ақтөбе мен Қостанай диқаншылары дәл осы сұрыпты бидайды 50 мың теңгеден сатқан. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан  облыстарында сатып алушылар 1 тонна бидайға шамамен 48 500 теңге ұсынуда.